inDrive жаһандық көлік және курьерлік қызметтер платформасы «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Үйге алғашқы жол» әлеуметтік жобасын іске қосқанын хабарлайды. Жоба аясында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар перзентханадан үйіне тегін жете алады.
2025 жылы Алматыда 40 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Алайда әр ананың перзентханадан үйіне жайлы жетуге мүмкіндігі бола бермейді: бірінде көлік, екіншісінде таксиге төлейтін қаражат, ал кейбірінің жанында көмектесетін жақындары болмауы мүмкін. Сондықтан, «Үйге алғашқы жол» жобасы аясында қазіргі уақытта қолдауға мұқтаж отбасылар үшін осындай көмек ұсынылып отыр.
Сапарға қалай тапсырыс беруге болады?
Өтінім беру үшін +7 701 799 9349 нөміріне қоңырау шалуға немесе WhatsApp арқылы хабарлама жазуға болады. Үйлестірушіге қай жерде екеніңізді, баратын мекен-жайыңызды және сапардың жоспарланған уақытын хабарлау қажет. Жоба аясындағы барлық сапар қатысушылар үшін тегін. Отбасының мәліметтері құпия сақталады: жүргізушіге тек сапар бағыты беріледі.
Кім көмекке жүгіне алады?
Жоба Алматы қаласында нақты тұратын және қолдауға мұқтаж отбасыларға арналған. Қатысу үшін азаматтыққа немесе қалада ресми тіркеудің болуына қатысты шектеу жоқ. Қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға ерекше назар аударылады. Солардың ішінде балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған немесе уақытша дағдарыс орталықтарында тұратын аналар бар. Сонымен қатар өтінімді Алматыдағы перзентханалар, перинаталдық және дағдарыс орталықтары, сондай-ақ әйелдер мен отбасыларға қолдау көрсететін коммерциялық емес ұйымдар да бере алады.
Қауіпсіздік – басты басымдық
Жоба аясында сәбилердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сапарлар жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы автокреслолармен жабдықталған көліктерде жүзеге асырылады. Сонымен қатар жүргізушілер балаларды тасымалдау бойынша арнайы дайындықтан өткен. Олар автокреслоны дұрыс орнатып, баланы қауіпсіз бекітуді, салонда жаңа туған сәби болған кезде көлікті бірқалыпты жүргізуді біледі, сондай-ақ анасына көлікке отыруына, кейін одан түсуге көмектеседі.
«Әйел перзентханадан шыққан кезде ең қиыны артта қалғандай көрінеді. Бірақ кейде отбасының алдында өте қарапайым сұрақ туындайды: үйге қалай жетуге болады? Бұл – әділетсіздік. Біз осыны өзгерткіміз келеді және ешқандай күрделі шарт қоймай, ештеңе талап етпей көмектескіміз келеді. Маңызды күні үйге аман-есен жетуді қамтамасыз ету. Біз үшін бұл – адамгершілік, қауіпсіздік және бәрінен де қажет сәтте қолдау көрсету», — деді inDrive компаниясының Қазақстандағы бизнесінің жетекшісі Арай Бекембаев.
«Сәбиін жаңа ғана дүниеге әкелген ана үйге қалай жететінін уайымдамауы тиіс. Біз аналардың мойнынан бұл жүкті алып тастау үшін осындай жобаны жүзеге асырып отырмыз. Қиын жағдайға тап болған жандар өздерінің жалғыз емес екендігін сезінгенін қалаймыз», — деп атап өтті «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының атқарушы директоры Раушан Каирбекова.
Пилоттық жоба қазіргі уақытта қолдауға мұқтаж Алматыда тұратын отбасыларға қолжетімді. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.










