Баланы отбасында сақтап қалу: «АНА ҮЙІ» қорының мамандары ерте көмек көрсету механизмдерін зерттеуге қатысуда
21–22 қазанда, Әлеуметтік қызметкер күні қарсаңында Алматы қаласында екі күндік зерттеу воркшопы өтті. Оған әлеуметтік қорғау саласының, Алматы қаласының Отбасын қолдау орталығының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мамандары қатысты. Қатысушылар нақты отбасылардың оқиғаларын талдай отырып, Қазақстанда осал жағдайдағы отбасыларға көмек не себепті тым кеш көрсетілетінін немесе мүлде көрсетілмейтінін және оны қалай уақтылы ұйымдастыруға болатынын талқылады.
Кездесу Алматыдағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтті. Орталық іс-шараның мәдени серіктесі ретінде алаң ұсынды. Іс-шараны inDrive компаниясының қолдауымен компанияның бас директоры әрі негізін қалаушы кәсіпкер Арсен Томский құрған, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған халықаралық бастама — Child Visibility Initiative ұйымдастырды. Қазақстандағы бастаманың стратегиялық және зерттеу серіктесі — «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры.
Отбасылардың оқиғаларын талдау нені көрсетті?
Воркшоп барысында қатысушылар өткен жылдардағы нақты жағдайларды қазіргі оқиғалармен салыстырды. Талқыланған жағдайлар жаңа туған нәрестеден бас тартудан бастап, жасөспірімді отбасынан алып қоюға дейінгі мәселелерді қамтыды. Салыстыру нәтижесінде қолдау жүйесінің дамып келе жатқаны байқалды: қызметтердің өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін кешенді көмек тетіктері қалыптасып келеді.
Алайда тәуекелдерді ерте анықтау мәселесі әлі де өзекті. Кейбір жағдайларда қиындықтардың алғашқы белгілері әйелдің жүктілік кезеңінде-ақ байқалған. Ал басқа жағдайларда балалар мектепке баруын тоқтатып, тиісті қызметтердің назарынан тыс қалған. Отбасылардың оқиғаларын кезең-кезеңімен талдай отырып, қатысушылар дағдарыс туындағанға дейін бірнеше жыл бұрын бірлесіп көмек көрсетуге мүмкіндік болғанын анықтады.
Негізгі қорытынды: отбасы жекелеген қызметтердің есебінде болуы мүмкін, бірақ әртүрлі мекемелерге түскен белгілер дер кезінде бірлескен әрекетке ұласпаса, тұтас жүйе үшін көрінбей қалуы ықтимал.
«Бүгінде бізде дағдарыс туындаған кезде ғана әрекет етпей, отбасымен кешенді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құралдар көбірек. Алайда мұнда уақыттың маңызы зор: қиындықтарды неғұрлым ерте анықтасақ, түрлі қызметтердің күш-жігерін біріктіріп, жағдайдың күрделенуіне жол бермеу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Біз үшін күрделі жағдайға тап болған кезде әрекет ету ғана емес, оның алдын ала білу де маңызды», — деді Алматы қаласының Отбасын қолдау орталығының директоры Ақмолжан Зарипов.
Қызметтермен байланыста болу — көмек алу деген сөз емес
Қатысушылар баланың өмірінің әртүрлі кезеңдерінде қолдау жүйесінің төрт функциясын — қамқорлық, есепке алу, бақылау және ақпараттандыруды да қарастырды. Олар отбасы тиісті қызметтердің назарында болғанымен, қажетті көмекті ала алмайтын жағдайларды талдады. Мәселен, отбасы есепте тұрады, емханада бақылауда болады, бала мектепке немесе балабақшаға барады, бірақ соған қарамастан қажетті қолдау көрсетілмейді.
«Баладан бас тарту ешқашан дерлік бір ғана себепке байланысты болмайды. Оның артында түрлі жағдайлардың тұтас жиынтығы тұрады: жанында қолдау көрсететін жақын адамдардың болмауы, қаражаттың жетіспеуі, қорқыныш, қайда жүгіну керектігін білмеу. Әдетте жағдайды уақытылы өткізілген бір әңгіме мен нақты көрсетілген көмек өзгерте алады. Сондықтан әртүрлі ұйымдардың мамандары отбасының қиындықтарын дер кезінде байқап, жағдай әлі дағдарысқа жетпей тұрып бірлесіп әрекет етуі өте маңызды», — деді «АНА ҮЙІ» қорының Алматы қаласындағы үйлестірушісі Аминат Джаппуева.
Әлеуметтік жетімдік және мәселенің ауқымы
Әлеуметтік жетімдік — ата-анасы тірі болғанымен, баланың ата-ана қамқорлығынсыз қалуы. Мұндай жағдай баладан бас тарту, ата-ана құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу, сондай-ақ баланы мекемеге орналастыру салдарынан туындайды. Әдетте бұған дейін ұзақ уақыт бойы экономикалық, психологиялық және әлеуметтік қиындықтар жинақталады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 20 798 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрған. Олардың қаншасының ата-анасы бар екені туралы нақты деректер жоқ. Ал ЮНИСЕФ мәліметінше, әлем бойынша әлеуметтік мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балалардың шамамен 80%-ының ата-анасы бар. Әлеуметтік жетімдік мәселесі Қазақстанда да өзекті.
Зерттеудің келесі кезеңдері
Воркшоп материалдары Child Visibility Initiative бастамасының Қазақстандағы зерттеуіне енгізіледі. Зерттеу аясында мамандармен сұхбат жүргізіліп, отбасыларды қолдаудың қолданыстағы тетіктері талданады.
2027 жылдың бірінші жартысында CVI жүйенің күшті жақтарын, тәуекелдерді ерте анықтауға кедергі келтіретін факторларды және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту мүмкіндіктерін қамтитын елдік есепті ұсынуды жоспарлап отыр.
Зерттеудің негізгі мақсаты — дағдарыс туындамай тұрып, оның алдын алуға әлі мүмкіндік бар кезде отбасына қандай қолдау қажет екенін анықтау.
«Біз балаларды қорғау жүйесін көбіне орын алған мәселеге қалай әрекет ететініне қарай бағалауға үйренгенбіз. Алайда әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін осы жағдайға дейін отбасымен не болғанын түсіну маңызды. Қиындықты алғаш болып кім байқады? Көмек көрсетуге мүмкіндік болды ма? Неліктен жекелеген белгілер бірлескен әрекетке ұласпады? Біздің міндетіміз — тәжірибелі мамандармен бірге қандай тетіктердің қазірдің өзінде тиімді жұмыс істеп тұрғанын және оларды қай бағытта кеңейтуге болатынын, сондай-ақ жүйенің қай тұсында отбасылардың қиындықтары әлі де кеш байқалатынын анықтау», — деді Child Visibility Initiative бастамасының жетекшісі Марина Катая.
Қазақстандық тәжірибеден халықаралық зерттеуге дейін
Зерттеу Қазақстанда жинақталған көпжылдық тәжірибеге сүйенеді. 2013 жылдан бері «АНА ҮЙІ» қоры өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер мен отбасыларға балаларын отбасында сақтап қалуға көмектесіп келеді. Осы уақыт ішінде жоба аясында 8 630сәби анасымен бірге қалып, интернаттық мекемелерге түскен жоқ. Ал бағдарламадан өткен әйелдер арасындағы баладан түпкілікті бас тарту көрсеткіші 1%-дан төмен. Бүгінде елімізде «АНА ҮЙІ» қорының 20 орталығы жұмыс істейді. 2025 жылы қордың жұмыс моделі Harvard Business School оқу базасына енгізілді.
2024 жылы Айдын Рахимбаев пен Арсен Томский осы тәжірибені Қазақстаннан тыс жерлерге тарату мақсатында Mother’s Home International Foundation қорын құрды.
Child Visibility Initiative — осы жұмыстың келесі кезеңі. Яғни нақты отбасыларға көмек көрсетуден мемлекеттік және қоғамдық жүйелердің күшейіп келе жатқан тәуекелдерді қаншалықты ерте байқап, үйлесімді қолдау көрсете алатынын зерттеуге көшу. Қазақстан бастаманың тереңдетілген зерттеу жүргізілетін алғашқы елдерінің бірі болды.
Бастама балалар мен отбасылардың осал жағдайын дер кезінде анықтап, баланың ата-анасынан ажырауына жол бермеуге мүмкіндік беретін жүйелік тетіктерді зерттейді. Осы мақсатта команда халықаралық деректерді талдайды, ұлттық қолдау тетіктерін зерделейді, мамандармен сұхбат жүргізеді және отбасының әртүрлі қызметтермен өзара әрекеттесу жолын зерттейді.



