Малайзияның Сабах штатында алғашқы «Ана Үйі» (Rumah Ibu Sabah) орталығы ашылды.
Бұл бірегей орталық Қазақстанда құрылған жобаның үлгісі бойынша жүзеге асты.
«Ана Үйі» қиын жағдайға тап болған әйелдерге қолдау көрсетеді: уақытша баспана, медициналық, психологиялық және заңгерлік көмек ұсынады. Бұдан бөлек, мұнда білім беру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағдарламалары жұмыс істейді.

Жобаны Mother’s Home International Foundation (MHIF) жүзеге асырды. Қордың негізін қалаушылар — қазақстандық кәсіпкерлер Айдын Рахимбаев пен Арсен Томский.
Қазақстанда «Ана Үйі» 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді:
*12 жыл ішінде 10 000-нан астам бала отбасында қалды.
*Шетелде мұндай орталықтар Өзбекстан, Қырғызстан және Украинада ашылған.
*Бүгін Малайзияда ашылса, қазан айында Түркияда Anne Evi («Ана Үйі») есігін айқара ашады.
Ашылу рәсіміне Сабах штатының қоғамды дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту министрлігінің хатшысы Датук Мария Чонг қатысты:
«Бұл бастаманың негізін қалаған қазақстандық кәсіпкерлерге айрықша алғысымды білдіремін. Бұл — ортақ игілік жолындағы шынайы халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі».

Жобаның тең құрылтайшысы Анар Рахимбаева атап өтті:
«Мейірімнің шегі жоқ, баланың бөтені болмайды. Ана – бүкіл әлемде бір ұғым».

Малайзияда орталықтың ашылуы ұлттық Ekonomi Madani стратегиясының құндылықтарын көрсетіп, елдің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне айналды.










