«АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры 2024 жылдың 11-12 шілдесінде Астана қаласында АҚШ-тан шақырылған сарапшылармен «Баланың бақытты мекені – отбасы» Халықаралық форумын өткізеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде (Тәуелсіздік даңғылы 54) өтеді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрсетіледі.
Форум Қазақстанда қабылдаушы кәсіби отбасылар (ҚКО) институтын енгізу мәселесінде тәжірибе алмасу, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту мақсатында өткізіледі.
Сарапшылар ретінде профессор Джунлей Ли (АҚШ), Карнеги Меллон университетінің PhD докторы, Гарвард университетінің адам дамуы және білім беру факультетінің деканы және профессор Трэйси Ларсон (АҚШ), психолог, қолданбалы зерттеуші және Питтсбург университетінің балаларды дамыту бөлімінің директоры шақырылды.
Халықаралық форумға мемлекеттік органдар, депутаттар, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, асырап алушы отбасылар, үкіметтік емес ұйымдар және Қырғыз Республикасынан, Молдова Республикасынан және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар қатысып, өз елдерінде ҚКО институтын енгізу тәжірибесімен бөліседі.
Форум қабылдаушы кәсіби отбасылар институтын енгізу, балалар үйлерін трансформациялау мәселелерінде үздік әлемдік тәжірибелер мен әдістермен алмасу алаңына айналады. Сонымен қатар қабылдаушы кәсіби отбасылар институтын енгізу бойынша халықаралық пікір көшбасшыларының қауымдастығын құру үшін және серіктестік байланыстарды кеңейту үшін пайдалы болмақ.
Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшылары және біздің Қордың мамандары үшін АҚШ сарапшылары мастер-класс өткізеді. Барлық қатысушылар сертификат алады.